Оған онлайн форматта 3 мыңға жуық педагог қатысты
Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі тамыз конференциясы өтті, оған ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта 3 мыңға жуық педагог қатысты. Сондай-ақ, Youtube арнасы мен Facebook арқылы тікелей эфир ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тамыз кеңесінің жұмысына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғытов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ольга Булавкина, "AMANAT" Партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова, қалалар мен аудандардың әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары және облыстың педагогикалық қоғамдастығы қатысты.
«Бүгінде білім беру саласында қазақстандық оқыту жүйесінде сапалы серпіліс жасауға мүмкіндік беретін ауқымды, ұлттық жобалар іске асырылуда. Облыста білім беру жүйесін реформалау бойынша жұмыстар жалғасуда, - деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғытов.
Конференция барысында білім беру жүйесінің басты құндылықтары - патриотизм, білімге ұмтылу және еңбексүйгіштік жайлы талқыланды. ШҚО білім басқармасы басшысының м.а. Алима Ақылбек "2022-2023 оқу жылында білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы" баяндама жасады.
Іс-шара аясында ШҚО әкімі атынан мұғалімдерге "Үздік білім беру ұйымы" облыстық байқауының ақшалай сертификаттары берілді: І орын үшін – 20 миллион, ІІ орын үшін-16 миллион, ІІІ орын үшін-12 миллион теңге.
Сондай-ақ білім саласына қосқан үлесі үшін Облыстың еңбек сіңірген педагогтары "Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін" құрметті атағымен, "Шығыс Қазақстан облысының еңбек сіңірген ұстазы" төсбелгісімен және облыс әкімінің 600 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлығымен марапатталды.
Сонымен қатар, "Мектепке жол"акциясын іске асыруда белсенділік танытқан меценаттарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді.