Жыл басталғалы өңірде 85 борышкер әкімшілік жазаға тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында ата-аналардың алимент бойынша қарызы 320 млн теңгеден асады. Бұл туралы СҚО прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта алимент алатын 9289 бала және 22 қарт тіркелген. Алайда олардың арасында заң бойынша тиесілі ақшаны ала алмай жүргендер де бар. Өз баласын өзегінен тепкен 291 адам болса, соның 11-і – әйел. Бұлар қасақана алимент төлейтіндердің қатарында, олардың жалпы борышы 320 млн теңгеден асты.
«Прокуратура органдарының құзырына кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүдделерін қорғау кіреді. ҚР Конституциясының 27-бабына сәйкес балаларына қамқорлық жасау әрбір ата-ананың міндеті. Бірақ олардың арасында өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамайтындар да бар. Сондықтан жауапты ведомстволармен бірге жұмыс істеп, бұл мәселені бақылауда ұстаймыз», - дейді СҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Марат Қазиев.
Жыл басталғалы өңірде 85 борышкер әкімшілік жазаға тартылды. Міндетін орындаудан қашқан тағы 6 адам қамауға алынды.
Қазіргі уақытта алимент төлеуден жалтарып жүрген 44 адамның жүрген жері белгісіз, оларға іздеу жарияланды. Осындай шараның нәтижесінде тағы 11-інің тұрғылықты жері анықталды.