Осы жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 4,5 млн тонна көмір тиелді
Биыл жыл басынан бері 7 айдың ішінде халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 4,5 млн тонна көмір тиелді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов ОКҚ-да ұйымдастырлыған брифинг барысында айтты.
Бүгінде коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірдің негізгі өндірушілері Шұбаркөл көмір (Қарағанды облысы), Қаражыра (Абай облысы) және Майкөбен-Вест (Павлодар облысы) болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген және басқа да разрездердің деректері бойынша, осы жылдың 7 айында халық пен бюджеттік ұйымдар үшін 4,5 млн тонна көмір тиелді, бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 10% - ға (4,1 млн тонна) жоғары.
«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы ерте салқындаудың салдарынан (2021 жылғы қыркүйек, қазан) кейбір өңірлердің (ШҚО, СҚО, Павлодар, Қостанай) көмір сатып алу орындарында үлкен кезек пайда болды, бұл халық арасында дүрлікпе тудырды. Биыл ондайға жол бермейміз», - деп сендірді Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.
Спикердің сөзінше, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары наурыз айында басталып кетті. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы Жол картасын әзірлеген, ол әкімдіктерге бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмірді алдын ала дайындауды көздейді.
«Жол картасын біз облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне екі рет жолдадық. Жоспарға сәйкес тұтыну көлемі шамамен 9,6 млн тоннаны құрайды, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға 2,6 млн тонна, халыққа 7,0 млн тонна қарастырылып отыр», - деді Ілияс Оспанов.