Ертіс ауданында оқушылар мәдениет үйінде оқуға мәжбүр

Автор: Azattyq Rýhy

Абай атындағы орта мектептің екі қабатты ғимаратында жөндеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ

Ертіс ауданында оқушылар мәдениет үйінде оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Pavlodarnews.kz – ке сілтеме жасап.

113 оқушы білім алатын оқу орны 1967 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жөндеу көрмеген. 

Мектепті «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданған. Мердігер - Шымкент қаласында тіркелген «ГрадСтройСервис» ЖШС.

Компания мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастаған, ол кезде оқу жылы әлі аяқталмаған соң мектеп оқушылары ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына көшірілген. Жоспар бойынша үш айдан кейін, яғни 25 тамызда Абай атындағы орта мектепте барлық жұмыстар аяқталуы тиіс болған. 

Бірақ Ертіс аудандық білім бөлімінің басшысы Лаура Дюсипованың айтуынша, мердігер құрылыстың жалпы көлемінің 70 пайызын орындаған. 

Голубовка ауылының әкімі Назымбек Ислямов қазіргі таңда Абай мектебіне терезе блоктары мен есіктер жеткізіліп, орнатылып жатқанын айтады. 

Жобаға 150 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Әзірге «ГрадСтройСервис» ЖШС-ға орындалған жұмыстың бөлігі үшін қаржының 34 пайызы ғана төленген.

«Біз жобаны аяғына дейін жеткізу үшін мердігермен жұмыс істеп жатырмыз, тек атқарылған жұмыс көлемі үшін ғана төлейміз. Қазір жөндеу жұмыстарына өзіміз қатысып, жұмысшыларды алып жатырмыз. Жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекке дейін аяқталады деп жоспарланып отыр»,  - дейді Лаура Дюсипова.

Дәл сол мердігер Ертіс ауданындағы № 1 және № 3 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтап жатыр. Аудан орталығындағы № 4 орта мектепті де жаңғыртудан кейін мерзімінде пайдалануға беруге уәде беріп отыр.

Абай орта мектебінің басшылығы «ГрадСтройСервис» ЖШС-не қатысты талап-арыз хат жолдап, мердігерді сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сотқа талап арыз әзірлеп жатыр.