Енді электрлі самокаттар автокөлікке теңестіріледі – Алматы полициясы

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта жаңа норма стандарттары әзірленіп жатыр

Фото: mk-kz.kz

Енді электрлі самокатпен жүріп заң бұзғандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілмек. Себебі, бұл көлік түрі автокөлікке теңестіріледі. Бұл туралы Алматы қаласының Полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство хабарлауынша, қазіргі уақытта жаңа норма стандарттары әзірленіп жатыр. Ол бекітілгеннен кейін жол жүру ережесіне, оның ішінде электрлі самокаттарға қатысты заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

«Заңнамалық деңгейде электрсамокаттардың көлік құралы ретіндегі мәртебесін анықтау қажеттілігі туындады. Тиісінше, электрсамокат тебетіндер жол қозғалысына қатысушылар ретінде анықталып, құқықтар да, міндеттер де қарастырылады. Қазір стандарт әзірленді, болашақта жол ережесіне өзгерістер енгізіледі. Олар енгізілген бойда бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске де әсер етеді», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетерлігі, Алматы жолдарында күніне бір миллионнан астам автокөлік жүреді. Оның 570 мыңға жуығы қалада ресми тіркелген, ал қалғандары - елдің өзге аймақтарынан келгендер.