Күдіктілер жәбірленушілерге 15 млн теңгеден астам шығынды өтеп берген
Қаңтар оқиғасы бойынша жүргізілген тергеу нәтижесінде зардап шеккен азаматтардың 360 миллион теңгеден астам шығыны өтелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ІІМ Тергеу басқармасының бастығының айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру және істерді соттарда қарау сатысында күдіктілер жәбірленушілерге 15 млн теңгеден астам шығынды өтеп берген.
«Мәселен, Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Алматы облысының екі тұрғыны Абылай хан даңғылындағы дүкеннен құны жарты миллион теңгеден асатын тауарды ұрлап кеткен. Алматы қаласы Алмалы аудандық соты олардың істеген ісіне толық өкінгенін және келтірілген залалды өтегенін ескере отырып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті», - деді Санжар Әділов.
Тақырыпқа орай: Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 4642 қылмыстық іс қозғалды
Оның айтуынша, ауырлығы орташа және шағын қылмыстар жасаған, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеген 35 күдіктіге қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істер тоқтатылды.