Шаһар аумағында 75 стихиялық қоқыс алаңы орналасқаны белгілі болған
Атырауда рұқсат етілмеген алаңға төгілген 2 300 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдіктен мәлім еткендей, шаһар аумағында 75 стихиялық қоқыс алаңы орналасқаны белгілі болған. Осыған орай, әкімдіктің тапсырмасымен «Арнаулы Автобаза» ЖШС-нің жанынан стихиялық қоқыс алаңдарын жою үшін жұмыс тобы құрылған.
«Қолдан жасалған» қоқыс алаңы рұқсат етілмеген жерлерге құрылыс қалдықтарын төгу салдарынан пайда болған. Құрылыс қалдықтарын тазартуға «Арнаулы автобаза» серіктестігінен 30 жұмысшы мен 10 арнайы техника жұмылдырылды. Осы 35 алаң тазартылып, 2 300 тонна қоқыс шығарылды.
«Қала келбеті тек сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Атыраудың ажары оның тазалығына да байланысты. Сондықтан, қала тұрғындары қоқыс үйінділерін рұқсат етілмеген жерге лақтырмай, арнайы қоқыс полигондарына апарған жөн. Осы орайда, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төккендерді байқасаңыз, «109» байланыс орталығына, Атырау қаласы әкімдігінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жедел хабарлау сұралады», - деді әкімдіктің баспасөз қызметінен.