Назарбаев университеті қыздарды зорлады деген бойжеткеннің бейнеүндеуіне жауап берді

Автор: Azattyq Rýhy

Мекеме басшылығы тергеуге көмектесуге дайын

Фото ашық дереккөзден

Назарбаев университетінің баспасөз қызметі желідегі бейнежазба бойынша басталған тергеуге қатысты пікір білдірді. Оқу орнының басшылығы жағдайды түсіну үшін тергеуге жан-жақты көмек көрсететінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Назарбаев университетінің студенті айтқан, тексеруді талап ететін сексуалдық сипаттағы құқық бұзушылық жағдайлары туралы ақпарат бойынша Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы тиісті процессуалдық әрекеттерді жүргізіп жатыр. Университет кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және тергеуге жан-жақты көмек көрсетеді», - деп мәлімдеді университеттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде жас қыз Назарбаев университетінің оқытушылары мен техникалық қызметкерлер тарапынан болған бірнеше жәбірлеу және зорлау фактілерін білетіндігін, сондай-ақ жоғары курста оқитын студент қыздар төменгі курста оқитын қыздарды қудалайтыны туралы бейнежазба жариялаған болатын. Ал полиция бұл дерек бойынша тергеуді бастады.