Ақтөбеде қабаған ит екі баланы талап тастады

Автор: Azattyq Rýhy

Ит иесіне айыппұл салынды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде қабаған ит екі баланы қауып алды. 15 жастағы жасөспірімнің ит жеті жерінен тістеген. Екінші он жастағы баланың аяғын жаралапты. Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақыртып, балалар ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Оқиға кешкі сағат сегіздің шамасында болған. Далада ойнап жүрген балаларға қабаған ит шабуылдапты. Тіпті екеуін тістеп үлгерген. Подъезге қашқанда мына ит мына бетонды опырып үлгерген. Куәгерлердің айтуынша, ит – Бультерьер тұқымды. Көшеде ауыздықсыз, жүгенсіз жүрген. Абырой болғанда, балаларды көршісі құтқарып қалған.

Ерлан Әмірғалиев итті атуға мәжбүр болғанын айтады. Болмағанда, балаларды құтқарып қалу мүмкін емес еді дейді. Бірақ, оған итті атқаны үшін айыппұл салынған. Ал тұрғындар көшедегі иесіз иттерді құрту керек деп отыр.

 «Балаларымыз далаға шыға алмай отыр. Үш күн болды міне шыққан жоқ далаға. Бұндай иттерді олай жібермеу керек. Мойнында жіп те жоқ. Пародасы мықты. Өздеріңіз көрдіңіздер, асфальтты жұлып алған ит адамның парша-паршасын шығарады ғой», - дейді Ақтөбе тұрғыны Салтанат Әмірғалиева.

 Екі ағайынды баланың үлкенінің иығы, қолы, аяғы жарақаттанған. Ал інісінің ит аяғынан тістеген.

Құқық қорғаушылар қараусыз жүрген қабаған иттің иесін тапқан. Жауапсыздығы үшін оған әзірге 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Айта кетейік, Ақтөбеде бұл бірінші жағдай емес. Бұған дейін қаңғыбас иттер 12 жастағы баланы талап өлтірген болатын. Тек тамыз айында ауруханаға ит тістеген 30 бала келген.