Мәжіліс депутаты қостанайлық дәрігерлермен медициналық қызметтің қолжетімділігін талқылады

Автор: Azattyq Rýhy

Облыста 28 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған

Мәжіліс депутаты Екатерина  Смышляева «AMANAT» партиясы  Қостанай облыстық филиалы жанындағы білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік Қоғамдық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Онда өңірдегі денсаулық сақтау және білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Жиында сөз сөйлеген Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Данияр Жандаев аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғаудың ерекшеліктері туралы айтты.

«Бүгінгі күні медициналық көмектің ұтқырлығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру жүргізілуде. Облыста 28 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Ағымдағы жылдың алты айында өңірде 5074 сәби дүниеге келді. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестеден 3 жасқа дейінгі жас санатындағы балалар "Дельфин" сәбилер үйі КММ-де сауықтырылады, төсек қорының жалпы саны  75 төсекті құрайды», – деді.

Д. Жандаевтың айтуынша, Қостанай облысында балалар медицинасы ерекше жағдайда деуге болады. Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасының жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар мәселелер бар. Жалпы   облыс деңгейінде балаларға медициналық көмек көрсету деңгейі  қанағаттанарлық деңгейде.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева  медицина саласын цифрландыру мәселесі назарда екенін жеткізді. Депутат атап өткендей, Damumed ақпараттық жүйесі сала жұмысын жеңілдету үшін енгізілген болатын. Алайда, жұмыс барысында  керісінше қиындықтар тудырғандықтан, біріңғай операторлық қызметті енгізу бойынша депутаттық ұсыным жасайтынын айтты.

Сонымен қатар жиында "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" Қостанай филиалының директоры Андрей Соловьев  2017 жылы Damumed медициналық ақпараттық жүйесі облыстың бес ірі емханасында пилоттық жоба енгізуден басталғанына тоқталып, мәселенің проблемалық аспектілері мен шешу жолдары туралы айтты.

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Екатерина Смышляева Рудный қаласына, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандарына барып, мектеп және фельдшерлік акушерлік пунктердің жұмысын бақылады.