Қызылорда облысында есірткі алқабы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар есірткі тамшылатып суару арқылы өсірген

Қызылорда облысында тағы да ірі есірткі алқабы жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 14 тамыз күні Қызылорда облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қызылорда облысы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тұрсынбай датқа ауылынан отыз шақырым жерде қалың шеңгел арасынан ірі есірткі алқабын анықтады.

Оқиға орнында 46-51 жас аралығындағы үш күдікті ұсталды. Маңайды тексеру барысында жедел-тергеу тобы биіктігі 10 см болатын құрамында есірткі бар өсімдіктердің 2187 түбін анықтады. Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек ұсталғандардың жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар: насос, палатка, мотор, шланга, күрек, кетпен тәркіледі.

Күдіктілер тамшылатып суару технологиясын қолданған. ​Үш күдікті де Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына ​ қамауға алынды.​ Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарына (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.