Елордада 500-ден астам медициналық қызметкерге ынталандыру жәрдемақысы төленбеген

Автор: Azattyq Rýhy

Прокурорлардың араласуымен медицина қызметкерлеріне тиісті өтемақы берілді

Фото: ашық дереккөзден

Елордада бірқатар медициналық мекемелерде 521 қызметкерге ынталандыру жәрдемақысы төленбеген. Бұл прокурорлық тексеріс нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының прокуратурасы аудандық денсаулық сақтау нысандарында еңбек заңнамасының сақталу талаптарына талдау жүргізді.

Талдау барысында бірқатар медициналық кәсіпорындарда 521 қызметкерге ынталандыру жәрдемақысының төленбегені белгілі болды.

Аталған өтемақыларды төлеу денсаулық сақтау нысандары қызметкерлерін ынталандыру шарттарына сай, тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің негізінде медициналық қызмет көрсететін және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін дәрігерлерге төленеді.

«Прокуратура қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ аумақтық бөлімшесіне қатысты қадағалау актісін енгізді. Жасалған жұмыстың қорытындысы бойынша барлық қызметкерлерге жалпы соммасы 43,7 млн. теңге өтемақы төленді», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының хабарламасында.