Медицина мамандары бар-жоғы 90 мың теңге айлық алады
Маңғыстау облысында жарымаған жалақымыз түкке жетпейді деген жедел жәрдем қызметкерлері бас көтерді. Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы ауданының фельдшерлері мен көлік жүргізушілері еңбекақыны көтереуді талап етеді. «Әйтпесе жұмысқа шықпаймыз», деп отыр. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Коронавирус кезінде де жүрдік. Бізге бір тиын ақша төленген жоқ. Сол вирустың кезінде алған айлығымыз 90 мыңға да жетпейді. 60-70 мың алып жүрдік. 90 мыңмен мына заманда бала-шаға бағу да қиын, білмеймін, не істерімді», - дейді фельдшер Нағима Сәлібекова.
Медицина мамандары бар-жоғы 90 мың теңге айлық алатынын айтады. Бұл сомаға ақпан айынан бері 40 мың теңге қосылған екен. Алайда кейінірек оны тоқтатып тастапты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл жағдайды қаржылық қиындықтармен түсіндіреді. Бұл мәселені шешу үшін біраз уақыт керек деп ақталды. Алайда шу шығарғандардың бұған көнгісі жоқ. 60-қа жуық адам бірнеше сағат бойы айғайға басып тұрып алды. Шенділер дау ушығып кете ме деді ме, қос тарап ортақ мәмілеге келді. Сөйтіп еңбекақыға қосылатын үстеме қаражатты төлеу жыл соңына дейін сақталатын болды.
«Қазір біз келісімге келдік. Сол 40 мыңды ары қарай жалғастырып төлей беруге. Бұл қызметкерлердің қазір талабы – 40 мыңды тоқтатпау мәселесі. Бұл мәселе шешімін тапты», - деді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.