Мектепті BI Group компаниясы салған
Талғарда 3 млрд теңгеге салынған су жаңа мектептің сапасы сын көтермейді. Әлеуметтік желіде тараған фотолардан ғимараттың қабырғалары жарылып, төбесінің түсіп қалғанын байқауға болады.
1200 оқушы орынға арналған білім беру мекемесі осы жылдың қыркүйек айынан бастап пайдалануға берілмек.
Бұдан бөлек, автордың жазуынша шатырды жабуға жұқа материал қолданылғандықтан құрылысшылардың аяқ басып жүрген жерлері майысып кеткен. Салдарынан жауын ғимараттың ішіне өтіп, кабинеттердің төбесін су басқан, қабырғалар да ылғалдан жарыла бастаған.
Сондай-ақ оқушыларға арналған спорт алаңы да қараусыз жатыр. Ал бүлдіршіндердің ойын аумағын шөп басқан.
Құрылыс жұмысы 2020 жылдың 25 мамырында басталған. Мердігер «BI Global» ЖШС-мен жасалған келісімшарт бойынша нысанның құрылысына бас-аяғы 3 млрд 412 млн 534 мың теңге жұмсалған.
Azattyq Ruhy тілшісі BI Group компаниясының баспасөз қызметіне хабарласып, осы мәселеге қатысты қандай шешімдер қабылданатынын сұрап білді.
«Мектептің жанында нөсер жаңбырдың салдарынан болатын артық су жиналатын резервуар бар. Осының салдарынан футбол мен баскетбол алаңдары су астында қалды. Бұл кемшілік туралы хабарлама шара қабылдау және ағын суды жабу құрылыс басқармасына жіберілді. Су бұрғыштар компания есебінен жабдықталды», - делінген хабарламада.
Ғимарат 8 ай бойы бос болғандықтан, ішінде ылғал пайда болып, қабырғалар жарылған, оның тағы бір себебі су келетін кран біраз уақыт бойы ашық күйінде қалған екен.
«Мектептің әр қабатында ұлдар мен қыздарға, мұғалімдерге арналған әжетханалар және келушілерге арналған жалпы кабиналар бар. Сонымен қатар жобада көше дәретханасы да қарастырылған. Компания мамандары тексеру жүргізді. Ақаулар анықталып, қажетті материалдар әкелінді және жұмыстар басталды. 18 тамызға дейін абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, шатыр жөнделсе, 25 тамызға дейін киім шешетін бөлмелер жөнделеді», - делінген BI Group компаниясының баспасөз қызметі берген жауапта.