COVID-19-дың жаңа ағымы балалар мен ересектерге қалай әсер етеді: дәрігерлер пікірі

Автор: Сағыныш Ибрагим

Денсаулық сақтау сарапшылары «Омикрон» штамын жұқтырған кездегі ауру ағымы туралы айтты

Фото ашық дереккөзден

ОКҚ алаңында дәрігерлер «Омикрон» штамын жұқтырған кездегі ауру ағымының қазіргі ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ryhy тілшісі.

Егер бұрын пневмония салдарынан тыныс алудың қиындауын ауырлық деңгейін анықтаушы критерий ретінде қараған болсақ, қазір пациенттердің жай-күйінде интоксикация белгілері, қабыну мен асқыну, созылмалы аурулар себеп болуы мүмкін.

«СOVID-19-дың қазіргі ағымында пандемияның басты кезімен салыстырғанда бірқатар айырмашылық бар. Ең алдымен, «Омикрон» штамы туралы айтар болсақ, инкубациялық кезең 2-4 күнге дейін қысқарды. Бұл штамм қазір біздің елімізде басым болып тұр. Аурудың орташа ауыр және ауыр ағымының өршуі адамның өкпесі қағынбай-ақ, интоксикация белгілері, қандағы және су-электролит мөлшеріндегі және басқа да бұзылыстар салдарынан болуы мүмкін. Сондықтан аурудың асқыну деңгейін тек дәрігер ғана анықтай алады», - деп мәлімдеді министрліктің бас штаттан тыс инфекционисі Бақыт Көшерова.

Ол аурудың дене температурасының жоғарылауынан басталуы мүмкін екенін және әлсіздік, денеде ауырсыну, жұтыну кезіндегі ауырлық, мұрын бітелу, сирек құрғақ жөтел, тиннитус, есту қабілетінің бұзылуы және кейбір науқастарда диарея болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ маман науқастарға көрсетілетін станционарлық көмек қуаттылығы, төсек жабдықтарымен қамтылу жөнінде айтты.

«Өткен жылғы 11 тамыздағы жағдайға сәйкес, республикада КВИ-ге қарсы стационарлық көмек қуаттылығы 5 361 төсек болатын 200 инфекциялық аурухана көмек көрсетеді. Реанимациялық төсек – 6% (656 төсек-орыннан 39 төсек). Инфекциялық төсектердің көп қолданылуы Солтүстік Қазақстан облысында – 56 %, Ақмола облысында – 45%, Ақтөбе облысында – 38%. Ал реанимациялық төсек Нұр-Сұлтан қаласында – 26%, Шымкент қаласында – 18%, Жамбыл облысында – 12%. Осы жылмен салыстырғанда реанимация бөлімшелерінде КВИ диагнозы бар 43 пациент жатыр. Емделушілердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында (23) және Жамбыл облысында (4) тіркелді.

Бүгінде КВИ бойынша стационарлық емдеуде 18 жасқа дейінгі балалар – 35%, ересектер – 65,4% (оның ішінде 19-дан 29 жасқа дейін – 18%, 60 және одан жоғары – 32%) ем алады. Жыныстық құрамы бойынша әйелдер – 68,1%, ерлер – 39,8% құрап отыр», - дейді Бақыт Көшерова.

Балалар инфекционисі Динагүл Баешева балалар арасындағы КВИ жаңа ағымының ерекшеліктері туралы кеңінен баяндап берді.

«Осы айдың 11 күнінде КВИ-ге шалдыққан балалар арасында ауруханаға жатқызылу жиілігі 29,8%-ға азайды. Қазір 308 бала стационарда ем алып жатыр. Олардың ішінде алтауы – ауру дәрежесі орташа инфекция жұқтырған жаңа туған сәбилер (Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда (2), Солтүстік Қазақстан облыстарында), ал 302-сі – туғанына 28 күннен асқан және 18 жасқа дейінгі балалар»,  – дейді Динагүл Баешева.

Сарапшының айтуынша, аурудың ең бірінші толқынында балалардың жас құрамында 5-12 жас аралығындағы балалар басым болды және олар жалпы науқастар санының 30%-ын құрады. Ал қазір аурудың басқа жастағы балаларға да біркелкі таралғаны байқалып отыр. Бұл вирустың отбасы ішінде таралып жатқанын білдіреді.

«Құрметті ата-аналар! Балаларыңызды ертіп адам көп жиналатын орындарға бармағандарыңыз абзал. Қолды үнемі жуып, тыныс алу гигиенасы ережелерін сақтаңыз. Қоғамдық орындарда бұрынғыша арақашықтық сақталу керек. Мүмкіндігінше көзді, мұрынды және ауызды қолмен ұстамаңыз. Температураның жоғарылауы, жөтел және тыныс алудың қиындауы секілді белгілер болса, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгініңіз», - деп кеңес берді министрліктің бас штаттан тыс балалар инфекционисі Динагүл Баешева.

Нұр-Сұлтан қаласы Көпбейінді медициналық орталығы басшысының инфекциялық қызмет бойынша орынбасары Татьяна Цечоева жансақтау бөлімінде жатқан және қарқынды терапияны қажет ететін науқастардың жай-күйі туралы айтты. Оның айтуынша, науқастардың жай-күйінің ауырлығы коронавирус инфекциясының ауыр ағымынан емес, денсаулығындағы кінәратынан, қосақталған созылмалы аурулардың әсерінен болып отырған көрінеді. Олар жүрек-қантамыр жүйесінің бұзылуы, қант диабеті, қатерлі ісік, жүйелік аурулар мен иммунитеттің төмендігінен болуда.

Брифинг соңында сарапшылар халықты КВИ-ден қорғау үшін негізгі сақтық шараларын сақтауға кеңес берді. Сондай-ақ аурудың жеңіл ағымын қамтамасыз етіп, асқыну мен ауыр жағдайды болдырмау үшін вакцинацияның маңыздылығын атап өтті.

КВИ жұқтырған пациенттерге уақытылы медициналық көмек көрсету үшін  МСАК деңгейінде 2387 мобильді бригада ұйымдастырылған. Олардың 1010-ы ауылда, резервте тағы 1610 мобильді бригада бар. 2022 жылдың 7 айында мобильді бригадалар 899 669 шақыруға барған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда, 1,7 есе аз.