Ауыл мен шағын қала тұрғындары АӨК саласындағы жобаларға шағын несие ала алады
Оны іске асыруға 40 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты көзделген
Қазақстанның ауылдық елдімекендері мен шағын қалаларының тұрғындары агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды іске асыруға шағын несиелер ала алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің «2022 жылға арналған ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттерге несие берудің негізгі шарттарын бекіту туралы» тиісті қаулысына қол қойды.
"Қаулы кәсіпкерлік бастаманы дамыту және экономикалық белсенді халықты жұмыспен қамту үшін жағдай жасау арқылы ауылдар мен шағын қалалар тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі жұмыс шеңберінде қабылданды. Оны іске асыруға 40 млрд теңге көлемінде бюджет қаражаты көзделген, қаржы агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды микрокредиттеуге бағытталатын болады", - делінген хабарламада.
Несиелендіру операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ.
Бюджеттік несиелердің мақсатты пайдаланылуын және республикалық бюджетке уақытылы қайтарылуын бақылау ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктелген.