12 жастағы қыз бала інісінің ашық терезенің алдына шығып алғанын байқамаған
ШҚО-да кинолог бесінші қабат терезесіне шығып алған баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, 9 тамызда Ұлан аудандық полиция бөлімінің 102 жедел арнасына Қасым Қайсенов кентіндегі Абай алаңындағы үйлердің бірінің терезесінде жас бала тұрғаны туралы қоңырау түскен.
Дабыл бойынша жедел-тергеу тобы дереу мекенжайға жіберілген. Бірнеше минуттан кейін полицейлер оқиға орнына жеткен, алайда олар келгенге дейін ол жерге қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында инспектор-кинолог Асыл Беріков көмек көрсетіп үлгерген.
Кейін хабарланғандай, Асыл Беріков 5-қабатқа көтеріліп, пәтердің есігін қаққан. Есікті ашқан 12 жастағы қыз бала інісінің ашық терезенің алдына шығып алғанын байқамаған. Кинолог бөлмеге жүгіріп келіп, полицей баланы әңгімеге тартып тұрып, терезенің алдынан көтеріп алған.
Жас балалардың ата-аналары осы уақытта сол үйдің астында орналасқан дүкенге кеткен екен. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.