Ұлыбритания Қазақстанның әскери техникаларын сатып алып жатыр ма: ИИДМ түсініктеме берді

Автор: Azattyq Rýhy

Қазнеттегі ақпарат бойынша 16 шілдесінде 46 миллион долларлық келісім жасалған екен

Фото ашық дереккөзден

Қазнетте Ұлыбритания Украинаға жеткізу үшін Қазақстаннан қару сатып алуда деген ақпарат тарады. Мәміле «Техноэкспорт» компаниясының делдалдығымен жүзеге асырылады, ал 2022 жылдың 16 шілдесінде 46 миллион долларлық келісім жасалған екен. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Stopfake.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті орган болып саналады.

«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техниканың экспорты мен импорты Министрлік беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады.

2021 жылы және 2022 жылдың өткен кезеңінде «Техноэкспорт» компаниясы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника экспорттауға лицензия алу үшін Министрлікке жүгінбеген.

Сонымен қатар аталған кезеңде Министрлік қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техника, атап айтқанда, 122 мм снарядтар (Д-20 гаубицалары үшін), 152 мм снарядтар (Д-30 гаубицалары үшін), БМ-21 «Град», БТР-4 (БТР-82А немесе жеңілдетілген модификациялар) және 120 мм миномет пен «Конкурс» ТҚЗК үшін оқ-дәріні Ұлыбританияға экспорттауға лицензия берілмеген.

Бұл ретте қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорты импорттаушы елдің Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының рұқсатынсыз осы қару-жарақ пен оқ-дәріні қайта экспорттамайтындығы туралы міндетті норма көзделген кепілдік міндеттемесі (соңғы пайдаланушының сертификаты немесе Халықаралық импорт сертификаты) болған кезде ғана жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні реэкспорттауға Министрлік рұқсат берген жоқ», – деп хабарлады ведомстводан.