«Диагнозды телефонға қарап қояды»: Нарынқол ауылының тұрғындары білікті маман жоқ деп шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Райымбек ауданындағы жалғыз аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жасалмаған

Фото ашық дереккөзден

Алматы облысы Нарынқол ауылының тұрғындары сауатты медицина мамандарының жоғын айтады. Ауыл тұрғындары сырқатымызға ем сұрап барсақ, дәрігерлер ұялы телефонға қарап оқып береді дейді. Одан бөлек, 40 мың халқы бар Райымбек ауданындағы жалғыз аудандық ауруханаға әлі күрделі жөндеу жасалмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

«Әйтеуір диагнозды ұялы телефонға қарап қояды. Өздері ауруды таба алмайды ғой. Оқымаған, түк білмейді. Оқыған білімі жететіндер келсе ғой», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әлібек Дәлденбаев.

Тұрғындардың айтуынша, ауылға келген мамандарға жағдай жасалмайды. Сол себепті білікті маман жоқ.

«Жастар мейірбикенің оқуын оқып келеді. Ал дәрігерлердің саны шектеулі. Менің анамның өзі ауруханада істейді. Сауатсыз дәрігерлер де бар деп айтып жатады. Сол үшін ауылға сауатты маман керек, оларға жағдай жасау керек», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Әсель Советбай.

Ауыл жұрты арызын айтқан Райымбек аудандық орталық ауруханасының ахуалы сын көтермейді. Тұрғындардың айтуынша, 1989 жылы салынған бұл медициналық мекемеге әлі күнге күрделі жөндеу  жасалмаған. Елдің ем-домына жарап тұрған ескі емхананың қазіргі жағдайын ондағы қызметкерлер де жасырмайды. Жауын жауса төбеден су тамшылап, жел соқса шатыры ұшады екен.

«Жаңбыр болған кезде анау 3-4 қабатты су басып кетеді. Мен хирургия бөлімінде істеймін ғой. Су тамшылайды. Ішіне дейін кіреді. Баспалдақтарға шелек қойып қояды», – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК хирургия бөлімінің қызметкері Жанар Ақбаева.

«Терапевт, хирург, гинеколог келсе жеткілікті деп ойлаймын. Жоқ, жалақы аз емес, мүмкін, келген  маманға үй беру керек шығар. Жастардың ауылға тұрғысы келмейді ғой. Жөндеу жұмыстары жасалады деген, бірақ әлі  жасалған жоқ. Ал мамандардың біліміне келсек, бәрі білімді деп ойлаймын», – деді ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК бас мейірбикесі Назгүл Мержанова.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Райымбек ауданына іссаппары барысында аталған аудандағы 1 аурухана мен 5 дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуді қажет ететіні айтылған еді. Облыс басшысы жағдайды көзбен көріп, тиісті тараптарға тапсырма бергенін атап өтті.