Соңғы бір айдың ішінде ішкі өнімдердің құны 20% дейін көтерілген
Тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына Қытайдың қатысы жоқ. Алматы қаласы бойынша тек экзотикалық жемістер мен көкөністердің ғана құны көтерілген. Онда да бағаның шарықтауына шекараның қатысы жоқ. Өйткені, Қытайдан келетін тауарлардың орнын алмастыратын өзге де елдер аз емес. Ал қазіргі қымбатшылық – ол жыл сайын қайталанатын маусымдық өзгеріс, деп мәлімдеді Алматы қаласының әкімдігі.
Қаладағы ең ірі сауда желісі саналатын «Magnum» ЖШС-нің басшылары сөреге қойылған тауарлардың ішінде Қытай өнімдерінің үлесі 6% -дан аспайтынын айтады. Сондықтан, Қытаймен арадағы шекараның жабылуы қазіргі сәтте айтарлықтай сезіліп жатқан жоқ.
«Жеміс өнімдері жағынан біз Қытайға тәуелді емеспіз. Азық-түлік қоры жеткілікті. Қажет болған жағдайда біз өзге де тасымалдаушы компанияларға жүгіне аламыз. Көкөністердің 50% жергілікті кәсіпкерлерге тиесілі болса, қалғаны импорт. Бірақ онда да көбі Ресей арқылы тасымалданады. Тауар бағасы тасымалдаушылар мен сұранысқа байланысты өзгеріп отырады», - деді «Magnum» ЖШС PR-менеджері Дмитрий Шишкин.
Соңғы бір айдың ішінде импорттан бөлек, ішкі өнімдердің құны 20% дейін көтерілген. Дмитрий Шишкиннің сөзінше, қырыққабат - 12%, томат - 10%, картоп - 12%, қияр - 20% қымбаттаған. Ал әкімдік қазақ-қытай шекарасының жабылуын біржақты қарамау керек деп санайды. Олардың пікірінше, көрші елмен шекараның жабылып, импорттың азаюы жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік болмақ. Алматы әкімдігі көкеністер мен киім-кешектің жетіспеушілігі туралы мәліметтер жоқ дейді.
«Киім-кешекке жауап бере алмаймын. Киви, апельсин, мандарин сынды өзге де экзотикалық көкөністер Түркия, Иран, Испания сияқты елдерден тасымалданады. Біздің тізімде тамақтың 64 түрі бар. Солардың ішінде күнделікті тұтынатын сұйық май, сүт, макарон, ұн, тауық еті сынды 19 түрлі әлеуметтік азық-түліктің мөлшері мен бағасы бақылауда. Экзотикалық көкөністерді басқа елдерден кіргізе аламыз. Шекараның жабылуы көкөністердің, ішіп-жемнің қымбаттауына әсер етпейді. Ал киім-кешектің бағасына жауап бере алмаймын. Жалпы шекараның жабылуы жергілікті өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік», - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин
Ал,Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, елдегі азық-түліктің бағасы 9,2 % қымбаттаған. Әкімдік «бақылауда» ұстап отырмыз деген тағамдардың тізіміне кірген жұмыртқа, тұз, сүт өнімдері сынды әлеуметтік азық-түліктің қымбаттауы жағынан Алматы көш бастайды. Статистика комитетінің мәліметінше, жоғарыдағы өнімдер бойынша ел көлемінде ең қымбат баға да Алматыда тіркелген. Ал негізінен Қытай экономикасына тікелей тәуелді «барахолка» базарының саудагерлері тауардың таусылып, қолда ұстап отырған заттардың құны қосылғанын айтады. Шекараның арғы бетінен тонналап тауар таситын кәсіпкерлердің айтуынша, саудагерлерге көтерме бағамен беретін зат та қалмаған.
«Мен ай сайын Қытайдың ішкі жағынан тонналап машина жабдықтарын тасимын. Көлік орындығының сыртқы жабдығы, машинаға қатысты өзге де сәнді бұйымдарды базардағы саудагерлерге көтерме бағамен таратамыз. Қасымдағылар маусымдық киім тасиды. Шекара жабылғалы тауар әкелу де тоқтап, қазір соңғы заттарды ұстап отырмыз. Тауар жоқ болғандықтан баға да көтерілді. Көтерме (оптом) баға өскендіктен бөлшектік сауда да қымбаттады», -деді Бөлен Мәлікұлы.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы