Петропавл жылу орталығы мұржасының 30 пайызы бұзылды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Биыл 20 наурыз күні жылу орталығының алып мұржаларының бірі опырылып құлаған еді

Петропавл жылу орталығы мұржасының 30 пайызы бұзылды. Мамандар бұл жұмысқа 1 айдан астам уақыт бұрын кіріскен болатын. Бүгін өңірлік комуникациялар орталығында өткен брифингте қала басшылығы жылыту маусымының дер кезінде басталатынын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Биіктігі 150 метрлік нысанды мамандар қолмен бөлшектеп жатыр. Сондықтан мұржаны бұзу жұмысы ұзақ уақытқа жалғасуда.

Естеріңізге сала кетсек, биыл 20 наурыз күні жылу орталығының алып мұржаларының бірі опырылып құлаған еді. Қала тұрғындары жылусыз қалды. Үйіндінің астында қалған бір жұмысшы қайтыс болды. Қылмыстық іс қозғалып, орталық директоры мен бас инженері қамауға алынды. Тергеу амалдары әлі күнге дейін жалғасуда. Құлаған мұржаның үйінділері 1300 шаршы метрге дейін шашылған болатын. Қазір қала тұрғындары жылыту маусымы кезінде тағы да жылусыз қалуы мүмкін екенін ойлап алаңдаулы.

«Қалада жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды және жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Орталық жылумен жабдықтау жүйесіне 4 500 ғимарат қосылған. Жылу энергиясымен жеке сектордың 71 мың абоненті және 2 301 заңды тұлға қамтылған. Осы нысандар бойынша алдағы жылыту маусымына (2022-2023 жылдар) дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қалада 84 білім беру нысаны жұмыс істейді, олардың 79-ы дайындық паспортын алды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қалада күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 6,3 шақырым жылу желісі ауыстырылып жатқанын атап өткім келеді. Жылу желілерінің беріктігі мен тығыздығына жыл сайынғы гидравликалық сынақтардан басқа, қыркүйекте гидравликалық ысыраптарға арналған сынақтар жүргізілетін болады», - деді Петропавл қаласының әкімі Руслан Анбаев.

Петропавл жылу орталығы қондырғыларының 60 пайыздан астамы тозған. Өткен жұмыс маусымында ішкі желілердегі зақымдану бойынша 46 өтініш түсті. 77 авариялық қазандық агрегаттарының ажыратылуы тіркелді, соның салдарынан әкімдікке жылумен жабдықтау сапасының төмендігі мәселесі бойынша тұрғындардан 500-ден астам қоңырау түсті.