Үшарал әуежайы тексеруден өтіп, пайдалануға берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ұшулар осы жылдың 15 тамызынан басталады

Фото: yandex.kz

Үшарал әуежайы тексеруден өтіп, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мәлім еткендей, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ инспекторлары жасанды ұшу-қону жолағын қайта жаңартылғаннан кейін Үшарал әуежайына сертификаттық тексеру жүргізген. Бүгінгі таңда негізгі жұмыс түрлері, оның ішінде ұшу-қону жолағын 2 700 м дейін ұзарту және рульдеу жолын кеңейту аяқталды.

«Жетісу облысының әкімдігі мердігерлік ұйыммен бірлесіп жоба бойынша қалған жұмыстарды іске асыруды жалғастыруда. Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша Үшарал әуежайына пайдалануға жарамдылық сертификаты берілді. Бүгін авиакомпаниялар Үшарал – Алматы және Үшарал – Нұр-Сұлтан субсидияланатын бағыттары бойынша авиабилеттерді сатуды бастайды. Рейстерді "SCAT" әуе компаниясы "CRJ2" әуе кемелерінде (сыйымдылығы 50 орындық) жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 14 рейс жиілігімен, қалған уақытта 7 рейс орындайтын болады», - делінген комитет хабарламасында.

Билет құны – 15 000тг және 16 000 тг. Ұшулар осы жылдың 15 тамызынан басталады.

«Үшарал-Талдықорған бағыты бойынша «Жетісу» әуекомпаниясы 11 тамыздан бастап жазғы маусымда 28 рейс жиілігімен, қалған кезеңде 14 рейс орындайды. Ол үшін сыйымдылығы 19 орындық "L-410" ұшақтары іске қосылады. Билет бағасы - 8 000 тг», - делінген хабарламада.