Қыздың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр
Батыс Қазақстан облысында сіріңкемен ойнап жүрген 7 жасар қыз күйіп қалды. Бұл туралы БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға 8 тамыз күні сағат 13.00-де Теректі ауданы Долинный ауылында болған.
«Жеке үйдің ауласында сіріңкемен ойнап жүрген кезде 2015 жылғы қыздың киімдері жанып кетті. Оқиға салдарынан 2-3-дәрежелі термиялық күйік алған қыз Оралдағы қалалық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. БҚО ТЖ департаменті отпен абай болу қажеттігін, әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін тұрғындардың есіне салады», - делінген хабарламада.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, қыздың денесінің 22 пайызын күйік шалған. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.