Жолаушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан
Қазақстандық авиакомпаниялар алты айда 4,5 миллионнан астам жолаушыны тасымалдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің мәліметіне сәйкес, алты айдың қорытындысы бойынша жолаушылар айналымының өсімі жалғасып жатыр. Қазақстандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, 4,6 млн адамды (2021 жылғы 6 ай – 4,3 млн адам) құраған. Ал 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 119% (2020 жылғы 6 айда – 2,1 млн адам) болған.
«Осы жартыжылдықта отандық авиакомпаниялар халықаралық желілерде 1,2 млн адамды тасымалдады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 60%-ға артық (2021 жылғы 6 айда – 0,75 млн адам), ішкі желілерде – 3,4 млн адам (2021 жылғы 6 айда – 3,6 млн адам) тасымалданды. Оның ішінде, Air Astanaның жолаушылар ағыны шамамен 1,8 млн жолаушыны; FlyArystan – шамамен 1,4 млн; SCAT – шамамен 1,7 млн; Qazaq Air – шамамен 238 мың жолаушыны құрады», - делінген комитет хабарламасында.
Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны осы кезеңде 10%-ға артып, 8,9 млн адамды (2021 жылдың 6 айында – 8,1 млн адам) құраған.
Қазіргі уақытта ішкі авиарейстерді 5 отандық авиакомпания аптасына 687 рейс жиілігімен 57 маршрут бойынша орындайды.
Халықаралық ұшулар 28 елге аптасына 115 бағыт бойынша 518 рейс жиілігімен (Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив, Таиланд, Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Моңғолия, Үндістан, Иран, Чехия, Греция, Италия, Қытай және Сауд Арабиясы (2022 жылғы қыркүйектен) орындалады.