Қылмыстық топтың құрамында Процессинг орталығының қызметкерлері, делдалдар, ХҚКО-дағы көмекшілер және нотариустар бар
Арнайы операцияның нәтижелері бойынша жедел-іздестіру іс-шараларының кешені барысында Шымкентте ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жақын шетелдерден кедендік төлемдерді, кәдеге жарату алымын және мемлекеттік бажды төлемей әкелінген көлік құралдарын Қазақстан Республикасында заңсыз есепке қою схемасының жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қалалық полиция департаментінің Процессинг орталығының екі қызметкері соттың санкциясымен қамауға алынды. Шымкентте қазақстандық есепке заңсыз қойылған 53 автокөлік бойынша осы схеманы пайдалана отырып, мемлекетке 320 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілді.
Қылмыстық топтың құрамында Процессинг орталығының қызметкерлерімен қатар, делдалдар, ХҚКО-дағы көмекшілер және жалған сенімхаттар жазған нотариустар бар.
Қылмыстық схемаға қатысушылардың қылмыстық қудалаудағы рөлі мен орны тергеу шаралары барысында анықталады.
Қазіргі уақытта ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті осындай фактілер бойынша 7 өңірде қылмыстық істерді тергеуде, онда соңғы үш жылда 2 мыңнан астам көлік құралы заңсыз тіркелгені анықталды. Келтірілген залал 10 млрд теңгеден астам соманы құрады.