«Жерді оңды-солды сатып жіберген»: Түлкібас халқының шенеуніктердің жұмысына көңілдері толмай отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Тастұмсық ауылының тұрғындары атқамінерлерді жұмыс істеуге қауқарсыз деп отыр 

Фото: ашық дереккөзден

Түркістандықтар әкімнің және оның қарамағындағы қызметкерлердің жұмыстан кетуін талап етті. Түлкібас ауданына қарасты Тастұмсық ауылының тұрғындары атқамінерлерді жұмыс істеуге қауқарсыз деп отыр. Айтуларынша, жергілікті шенеуніктер елдімекен іргесіндегі жерді оңды-солды сатып жіберген, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Түлкібас ауданы, Тастұмсық ауылындағы арық бойындағы жердің сатылуы халықтың ашуын тудырды. Қарапайым халық жер телімдерін қайтарып беруді талап етіп отыр. Сөздерінше, жергілікті шенеуніктер жерді қалталы азаматтарға сатып жіберген. Айналып келгенде, оның зардабы қарапайым жұртқа тиіп жатыр.

«Мал кіріп шығатын жерге бұлар ғимарат соғып жатыр. Бұл жерде мал трубадан өте ме, арықтан қалай өтеді. Бұл жерде жазым болады.  Бұл жерді біз аудан әкімінен решениемен сатып алғанбыз», - деді Түлкібас ауданының тұрғыны Жәнібек Бейсембаев. 

Тұрғындар әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісімді бәрі шешіліп болғаннан кейін бірақ білдік дейді. Олар жердің сатылғанын ескертуді білмейтін шенеуніктер, қалай жұмыс істейді деп ашуға булықты.

«Әкім жұмыс істемейді. Қоластындағылар да жұмыс істемейді. Жұмыс істейтін болса есікті құлттап кабинетте отырмай, азаннан кешке дейін ауылды аралап жұмыс істеуі керек», - дейді Түлкібас ауданының тұрғыны Ерғали Мұқашев. 

Тілшілерге сұқбат беруге келген аудан әкімінің орынбасары бұл мәселеден хабардар екен. Алайда проблеманы шешуге асығар емес. Тіпті, шенеунік жанайқайын айтуға келген тұрғындардың өзіне дүрсе қоя берді.

«Е, ары барсаңдаршы. Не бар енді мына жерде? Не, не мынау»,-деді аудан әкімінің орынбасары.

Шенеунік жайылымдық жердің кімге тиесілі екені туралы нақты ештеңе айтпады, тек жердің қаншалықты заңды пайдаланылып жатқанын тексеруге уәде берді. Егер заңсыздық анықталса ғимарат бұзылуы да мүмкін екен.

«Мынау салынып жатқан құрылыстың рұқсат құжаттары жоқ. Қазіргі кезде анықтап отырғанымыз бойынша заңсыз салынып жатқан құрылысқа жатады», - деді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен. 

Десе де қос тараптың арасындағы дау басылар емес. Ауыл тұрғындары әкімді отставкаға жіберу туралы талабымыз ескерілмей жатыр дейді.

«Кім сайлады әкімді. Ешкім! Өз-өзін сайлап алған»,-дейді тұрғындар.

Аудандық әкімдік өкілдері жер телімін кім бергенін жіті тексерміз деп ақталып бақты. Тек тексеру жұмыстарынан кейін ғана заңсыз әрекет еткендер жауапкершілікке тартылады екен. Бірақ, заңды белшесінен басқандарға нақты қандай жаза қолданылатыны әзірге беймәлім.