Оңтүстікте қатты ыстық, солтүстікте нөсерлі жауын: синоптиктер 1 тамызда ауа райының қандай болатынын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Республиканың басым аумағында жел тұрып, найзағай ойнайды

Фото ашық дереккөзден

Тамыздың алғашқы күні Қазақстанның басым бөлігінде жауын жауады. Синоптиктер Нұр-Сұлтан мен тағы 11 өңірде дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Елордада таңертең және күндіз найзағай ойнап күн күркірейді.

Павлодар облысының шығысында күндіз нөмер жауын жауады және түнге қарай бұршаққа ұласады. Ал, облыстың оңтүстігінде найзағай ойнап, күн күркірейді. Облыстың орталық бөлігінде күндіз тұман түседі. Сондай-ақ. Облыс аумағында жылдамдығы секундына 18 метр болатын жел тұрады.

Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында да тұман түсіп, найзағай ойнайды. Секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел тұрады.

Ақмола облысында нөсерлі жауын жауады. Найзағай ойнап, күндіз бұршақ жауады деп күтілуде. Солтүстік пен солтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Қарағанды облысында күн күркіреп, найзағай ойнайды. Түнде өңірдің шығысы мен орталық аудандарына тұман түседі.

Батыс Қазақстан облысының басым аумағында найзағай ойнап, күн күркірейді.

Түркістан мен Қызылорда облыстарында өрт қаупі сақталады, күн ыстық және желді болады деп күтілуде. Түркістан облысының кей аудандарында найзағай ойнайды. Қызылорда қаласында күн қатты ысиды.

Солтүстік Қазақстан облысында күндіз жаңбыр жауады. Облыстың оңтүстік аудандарында күндіз бұршақ жауады, түнде тұман түседі.