Геннадий Головкин Деревянченконы жеңіп, екі бірдей чемпиондық титулға ие болды (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Жекпе-жек 12 раундқа созылды

Кәсіпқой бокстан орта салмақта әлемнің экс-чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин Нью-Йоркте өткен бокс кешінде украиндық Сергей Деревянченконы жеңді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жекпе-жек толық 12 раундқа жалғасты. Бірінші раундтан-ақ тізгінді қолына алған Головкин кездесу бастала салысымен қарсыласын нокдаунға жіберген. Мұнан кейін қос боксшы алма-кезек шабуыл жасап, ауыр соққылармен алмасты. Сондай шабуылдардың бірінде Деревянченконың қабағы жыртылып кеткен. Дегенмен, дәрігерлер мен рефери жекпе-жекті тоқтатпай, украин боксшысына соңына дейін жұдырықтасуға рұқсат берді.

Осылайша GGG орта салмақта IBF және IBO чемпиондық белбеулерін өзіне қайтарып алды. Бұған дейін ол мексикалық Сауль «Канело» Альварестен жеңілген кезде төрт бірдей чемпиондық титулынан айрылып қалған болатын.

Геннадий Головкиннің бұл кәсіпқой бокстағы қырқыншы жеңісі. Оның бір жеңілісі және бір тең ойыны бар.