Қарағандыда турфирма иесі тұрғындардан алған 11 млн теңгені өз керегіне жаратып жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қаржылық қиындықтар үшін елді алдағанын мойындады

Фото ашық дереккөзден

Қарағандыда турфирма иесі тұрғындардан алған 11 миллион теңгені өз керегіне жаратып жіберген. Салдарынан 12 адам жолдама түгілі, қаражаттарына қол жеткізе алмай жүр. Себебі күдікті елді алдағанын мойындап, полицияға өзі келіпті. Сондықтан ол жеңіл жазамен  құтылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.

 «Оның жасазын жеңілдететін жайт көп. Өзі келіп кінәсін мойындағаны бар. Оның үстіне 1 жасқа толмаған баласы да бар. Жалғызбасты ана. Осылар ескерілсе шартты жазамен құтылатынын біліп отыр», - дейді жәбірленуші Андрей Маценко.

Жылы жақта, теңіз суына шомылып әбден демалам дегендер енді күдіктінің үйін күзетіп жүр. 28 жастағы күдіктінің құйтырқылығын түсінгендер қолдарымен санап берген қаражатты қайтарсақ деген үміттері бар. Бірақ турфирма қожайынының мұндай айласы алданғандардың амалын тауысты. Ол 12 адамның әрқайсысынан 500 ден 1 жарым миллион теңгеге дейін ақша алып, жақсы демалыс орындарына жолдама беруді уәде еткен.

Тұрғындардың айтуынша бұған дейін одан жолдама алып, демалысқа барып келіп жүргендер көп болған. Бұл жолы оны не түлен түрткенін туристер түгілі, оның жақындары да түсіндіріп бере алмай отыр.

 «Келтірілген шығын көлемі 11 миллион теңгеден асады. Күдікті ол ақшаны отбасы керегіне жаратып қойдым деп отыр. Қаржылық қиындықтар болғанын айтты. Сол үшін елді алдау арқылы ақша жинағанын мойындайды. Бірақ нақты қайда жұмсағанын айтудан бас тартты. Дегенмен ол кінәсін мойныдап өзі келгені жазасын жеңілдетеді», - деді Қарағанды қалалық ПБ орталық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асылбек Сержанов.