Таразда белгілі бизнесменнің қызын ұрлағандарға сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпкердің қызын қайтарып беру үшін олар 100 миллион теңге талап еткен

Фото ашық дереккөзден

Таразда белгілі бизнесменнің қызын ұрлағандарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 Қылмыстық топтың 6 мүшесі 5 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкердің қызын қайтарып беру үшін олар 100 миллион теңге талап еткен. Биыл көктемде болған оқиға туралы жәбірленуші Светлананың өзі айтып берді. Ол баласын мектепке апарып, үйіне жақындаған бойда екі адам оны ұрып-соғып, көлікке күштеп отырғызған. Сватлана қарсылық танытқанымен, онысынан ештеңе шықпаған. Тіпті оның қолын да сындырған. Қылмыскерлер оған қара бас киім кигізіп, ауызын скотчпен тығындап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Алайда арада 3 күн өткен соң босатып қоя берген. Бостандыққа шыққан әйел дереу полицияға хабар берді.

 «Мені бір үйге кіргізгеннен кейін қолыма кісен салып, аяғымды скотчпен орап тастады. Алғашқы 2 күн бойы мені сол үйде ұстады, сосын неге екені белгісіз, басқа үйге апарды. Мен не болып жатыр, неге мені мұнда әкелдіңдер деп сұрадым. Олар маған, сен байсың, сондықтан сені ұстау үшін Алматыдан келдік деді», - дейді жәбірленуші Светлана Ильичёва-Мосунова.

 «Жамбыл облысында соңғы 10 жылда мұндай қылмыс орын алмаған. Полиция органдары бұл қылмысты жедел түрде ашып, барлық қылмыскерлер әшкереленіп, ұсталды. Қазір уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Өйткені сотталғандар апелляциялық тәртіппен шағымдануда», - деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Сайын Сағындық.