Машинист болу бар баланың арманы еді...

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінгі теміржолшылар – қиын заманда саладан нан тапқан аға буынның ұрпағы

Орынбор – Ташкент магистралі кесіп өткен қазақ даласына алғашқы отарбаның келгеніне де жүз жиырма жыл өтіпті. Күрежолдың бойында жатқан үлкен тораптық Арыс станциясы ел аузында теміржолшылар қаласы аталып кеткен. ҚТЖ-ның 25 жылдығы қарсаңында осы станцияда машинист болып жұмыс істейтін Талғат Омаров туралы  жазғанды жөн көрдік.

Арыстың теміржолшылар қаласы атануының пәлендей сыры да жоқ. Өткен ғасырдың басында шойынжол тартылған бұл өлкеге теміржолшы кәсібі де ерте сіңісті. Жаппай теміржолшы мамандығын игере бастаған жергілікті халық оны ата кәсібіне айналдырды. Бүгінде бір әулеттің өзінде бірнеше буын алмасып үлгерген даңқты теміржолшылар династиясы да осы Арыстан шықты. Күні бүгінге дейін екінің бірі теміржолшы болып күнелтіп отырған  бұнда ата кәсіп кешегі кеңестік замандағы қадірі мен құрметін жоғалтқан жоқ. Өйткені бүгінгі теміржолшылар – кешегі қиын-қыстау заманда теміржол бойынан нан тауып, әулетін асыраған аға буынның ұрпағы. Ал аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін қазақ баяғыдан жақсы түйсінген.  

Талғат Омаров осы Арыс қаласында туып-өскен. Жоғары санатты, білікті машинист. 1987 жылы әскерден келген соң жергілікті локомотив депосына слесарь болып жұмысқа тұрған бозбаланың арманы «темір тұлпардың құлағында ойнайтын» машинист болу еді. Слесарь болып жүріп локомотивтің қыр-сырын меңгерген соң ғана оны көмекшісінің 6 айлық курсына жібереді.

 – Курсты бітіріп келген соң машинист көмекшісі болып алғаш сапарға шыққандағы қуанышым мен мақтанышымды көрсеңіз. Ол кезде басқа жерді қайдам, біздің Арыста машинист болуды армандамайтын бала болмайтын. Көзімізді ашып көргеніміз теміржол, айналамыз түгел теміржолшылар болғасын, біздің де осы кәсіпті жағалайтынымыз туғаннан маңдайымызға жазылып қойған тағдыр болса керек. Әкелеріміз бен ағаларымыздың түймелері жарқ-жұрқ еткен машинист формасы мен фуражкасына қатты қызығып, киіп көруге таласатынбыз, – деп күледі Талғат Әбсәметұлы.

 1990 жылға дейін тепловоз машинисінің көмекшісі ретінде еңбек еткен Т.Омаров біліктілігін арттырып, электровоз машинисі болып, темір тұлпардың оң қанатына отырып, бала күнгі арманына қол жеткізеді. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Осы аралықта шеберлігін жетілдірген кейіпкеріміз екі рет біліктілік курсынан өтіп, 3-ші және 2-ші класты машинист дәрежесін алады.  

Жаратылысынан биязы мінезді, жаны жайсаң азамат одан биікке ұмтылған да емес. Талай жыл темір тұлпарын тізгіндеп, жүздеген жолаушы отырған пойызды діттеген жеріне аман-есен жеткізіп, мыңдаған жолаушының батасын алды. Қазақта «жолаушының тілегі қабыл болады» деген жақсы бір тәмсіл бар. Егер осы сөздің астарына үңілсек, Талғат Әбсәметұлы жоғарыда айтқан жолаушылардың тілегімен көсегесі көгерген жан. Жары Гүлмирамен бірге 4 ұл, 5 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп өсіріп, бүгінде бір қора немереге ата-әже атанып отыр. 

Кешегі 90-жылдардағы тоқырауда да өлген жоқпыз, айлап жалақы алмасақ та сүйікті кәсібімізді тастап кетпедік, өйтіп-бүйтіп күнелттік. Бірте-бірте жағдай түзелді, айлық жылдан-жылға өсіп жатыр. Қымбатшылық та халықты қысып барады, әрине, сонда да басқа салаға қарағанда теміржолшылардың жағдайы тәуір дей алам. Біз машинистер жақсы жалақы аламыз, оның несін жасырамыз, теміржолдың жеңілдіктері, демалам десең санаторий-профилакторийге барасың, балаларымның бәрі жазғы лагерьде өсті. Құдайға шүкір, жағдайымыз жаман емес, тек денсаулығыңды күт те, жұмыс істе,  – дейді ол . 

Талғат Омаров еңбек жолының соңғы 13 жылында Арыс станциясында  маневрлік локомотив машинисі болып жұмыс істеп келеді. 2015 жылы Ұлттық компания басшысының қолынан «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Алдағы теміржолшылардың төл мерекесіне орай елордаға арнайы  шақырту алу құрметіне ие болып отыр. Мәртебелі  машинисті тағы бір марапат күтіп тұрса керек...    

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ