Тергеу барысын Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды
Алматы полициясы 29 шілдеде түнгі уақытта жеке секторда зорлауға оқталу фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Журналист Михаил Козачковтың Telegram каналында оқиғаның видеосы пайда болды.
«Бұл видеоны Рүстем есімді ер адам жіберді. Ол 28 шілде күні түнде Алматының төменгі жағында өз жұмысымен келе жатқанда көмек сұраған бойжеткен жолға жүгіріп келгенін айтты. Қыздың артынан жас жігіттің де қуып келгенін көруге болады. Рүстем қыз баланы көлікке отырғызып алып кетті. Қыздың айтуынша, екі жігіт оны осы жаққа алдап алып әкеліп, зорлауға тырысқан, бірақ ол қашып үлгерді», - деп жазады ол.
Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми хабарлама таратты.
«Алматы қалалық полиция департаменті 2000 жылы туған Б. азаматшаны зорлауға оқталу фактісін Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тергейтінін хабарлайды. Жәбірленуші оқиғадан біраз уақыт бұрын спирттік ішімдік ішкен достарының бірінен күдіктенеді. Мән-жай анықталуда», - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай қазір жедел-тергеу тобы құрылды.
Тергеу барысын Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы бақылауға алды.