Ол жазасын қатаң режимдегі ерлер колониясында өтеді
Танымал продюсер Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев бостандыққа шықты. Оны колония қақпасы алдында туған-туыстары мен дос-жарандары күтіп алған. Бұл сәттің видеосын Бақытбек Есентаевтың қарындасы желіде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізде болса, 2016 жылдың 10 маусымында белгілі продюсер Баян Есентаева пышақ жарақатымен ауруханаға түскен. Аталған қылмысқа күдікті ретінде продюсердің күйеуі Бақытбек Есентаев қамауға алынды.
2016 жылы 3 қарашада сот Бақытбек Есентаевты тоғыз жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Жазасын өтеп жатқан Есентаев сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын өзін босатуды сұрап, өтініш берді. Қапшағай қалалық соты өтінішті қарап, оны қанағаттандыру туралы қаулы шығарды.
Бақытбек Есентаев соңғы 6 жылын Алматы облысы Заречный ауылындағы қатаң режимдегі ерлер колониясында өткізді. Мұнда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді.