Ақтауда толассыз жаңбыр жауып, көшелерді су басты

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қалада жол талғамайтын көліктермен жүру де өзі оңай емес

Ақтауда толассыз жаңбыр жауып, көшелерді су басып қалды. Ауа райына байланысты коммуналдық қызметтер жұмысы күшейтілді. Үйлерге су кіріп, көлік қатынасы қиындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қоғамдық көлік қозғалысы қиындап, таксиге сұраныс күрт артқан. Жолаушылардың айтуынша такси қызметінің ақысы бірден 3 есеге қымбаттап шыға келген.

«Бүгін таңертең автобустар дұрыс жүрмеді. Такси қымбат. Оның өзі тез келмейді. Жұмысқа жаяу бардым. Үсті-басым малмандай су болды. Мұндай жауын – Ақтау үшін өте сирек құбылыс. Көлікпен ыңғайсыздық туындағанын және көшелердің суға толғанын есепке алмасақ, жаңбырдың жауғаны жақсы екен. Әрине, шамадан тыс болмаса екен», - дейді қала тұрғыны Айбек Жаңаберген.

Әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар түрлі бейне жазбалармен бөлісіп жатыр. Бүгінде қалада жол талғамайтын көліктермен жүрудің өзі оңай емес.

«Қазіргі таңда коммуналдық қызмет қатарынан 132 адам жұмылдырылды. Қала жолдарынан 105 адам, 6 мотопомпа, бір бойллер, бір погрузщик, бір самосвал тазалады. Төтенше жағдайлар департаментінен 32 қызметкер, бес арнайы техника, сегіз мотопомпа шықты. 29 мың 432 текше метр су сорылды», - дейді Ақтау қаласы әімінің орынбасары Алпысбай Таубаев.

Синоптиктердің мәліметінше ертең қалада жауын болмайды. Бірақ облыс аумағында тұрақсыз ауа райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр, найзағай, екпінді жел тұруы мүмкін. 

«Бақылау пунктерінің деректері бойынша 28 шілдеде түнде Ақтау метеостанциясында 13 миллиметр, Форд Шевченкода – 10 миллиметр, Тұщыбекте – 4 миллиметр, Қызан, Құлалы, Қаламқас – 1 миллиметр, Жетібай автоматтандырылған метеостанциясында 3 миллиметр жауын тіркелген. Бұл біздің өлке үшін сирек жағдай», - дейді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Айгүл Төлеуғалиева.