Экологтар сараптама қорытындысын 3 күннен кейін хабарламақ
Петропавл тұрғындары бау бақшасын суаратын судың кәдімгідей лаулап жанатынын көріп жағасын ұстауда. Жер астынан шығатын тіршілік нәрінің соңғы кезде түсі сарғайып, біртүрлі иіс шығатын болыпты. Не істерін білмеген саяжай тұрғындары жанармайша жанатын суды тез арада тексеруді талап етуде. Өйткені олар жемістерін суара алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Петропавлдағы ең ірі саяжай қоғамы осы - «Ромашка».Суы жақсы беріліп тұрғандықтан жер учаскелері де мұнда әлдеқайда қымбат. Саяжай иелері 10 метр тереңдікте құдық қазса болды, тап таза ауыз су шығатынын айтып мақтанады. Әрі тегін, әрі таза. Ал судың дәл бүгінгідей жағдайға келуі бірінші рет. Құдыққа жанармай құйып қойған сияқты, дейді олар.
Бақша өсірушілер құдықтағы судың аяқ астынан жағымсыз иісі бар майлы сұйықтыққа айналғанын айтады. Су айдайтын құрылғыны да құдықтан алып үлгермепті. Енді бақшаны суарудың орнына мүліктері бүлінген.
Саяжайдағы су неге өртке қауіпті. Тұрғындар шағымынан кейін экологтар белгісіз сұйықтықты зерттей бастады. Сынама алуға келген мамандардың өздері сарғыш түске боялған тіршілік нәрін көріп таң қалды. Тіпті алғашқы күдігін де жасырған жоқ.
«Судың иісінен-ақ, оның құрамында мұнай өнімі бар екенін айта аламын. Жанармайдың иісі шығып тұр. Міне, біз сынама алдық, енді оның құрамын тексеретін боламыз. Содан кейін ғана суға басқа сұйықтық қайдан қосылғаны анықталатын болады», - деді СҚО Экология департаментінің бөлім басшысы Дамир Жұмабаев.
Экологтар сараптама қорытындысын 3 күннен кейін хабарламақ. Саяжайшылар болса, өздері тексеріп, тіпті бұның себебін де тауып қойған. Бәріне кінәлі жақын жерде орналасқан жанармай құю бекеті деп ойлайды. Мұнай өнімі сол жақта төгіліп, топыраққа сіңген. Енді суға қосылып жатыр деген болжам бар. Алайда жанармай бекетінің өкілдері бұл пікірмен келіспейді.
«Біздің білуімізше, жанармай құйылған бөшкелерден сыртқа бензин төгілген жоқ. Резервуарлардың жүйесін біз үнемі тексеріп отырамыз.Оны тексеретін арнайы құрылғы да бар. Күн сайын сатылған жағармай есептеліп,бөшкеде қалған өнім мөлшерін санап қоямыз. Егер экологтар тексереміз десе, біз қарсы емеспіз», - деді жанармай құю станциясының инженері Кәміл Наргузин.
Әзірге, саяжайшылар бау бақшамыздан мұнай шықты деп әзілдесіп қояды. Дегенмен қорқыныш та бар. Тек бақшасы үшін ғана емес, денсаулықтары үшін де алаңдап жүр.