Ақша демеушілер есебінен өтеледі
«Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы бас бапкері осы ұйыммен арадағы еңбек дауында жеңіске жетіп, енді 100 мың еуро өтемақы алатын болды. Бұл туралы ФИФА палатасы шешім шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Айта кетейік, Владимир Муханов команданы бірқатар жетістікке жетелегенімен, «Тараз» тобымен өткен ойыннан кейін уақытша жұмыстан шеттетілді. Себебі «Ақтөбе» сол көктемде ел чемпионатында 8-орынға тұрақтаған еді. Алайда экс-бас бапкер бұл шешіммен келіспей, клуб басшылығына қатысты шағым түсірген. Ал, клуб жетекшілігінің өз айтары бар. Белгілі болғандай, Владимир Мухановты ешкім жұмыстан қумаған. Керісінше еліміздің еңбек кодексіне сай айлық жалақысын сақтай отырып, бас бапкердің ассистент қызметіне ауыстыруды ұсыныпты. Ал, онымен арадағы келісімшарт осы жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды.
«ФИФА-ның өз тәртібі бар. Ондағылар біздің ішкі жағдайымызды ескере бермейді. Ал, апелляцияға берсек, онда қыруар қаржы кетеді. Өтінішіміз мақұлданбауы да мүмкін. Ал, біздің әрбір әрекетімізге қарастырылған қаржыдан басқа, мүмкіндік жоқ. Сондықтан шығарылған шешімге сәйкес, ақша демеушілер есебінен өтеледі», - деді «Ақтөбе» облыстық футбол клубы» АҚ басқарма басшысы
Ерлан Жамантаев.