Пациенттердің ішінде 18 жасқа дейінгі балалар 36,3%-ды құрайды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша соңғы аптада әлемнің 92 елінде сырқаттанудың өсуі байқалады, оның ішінде Әзербайжанда соңғы аптада сырқаттану 115%-ға, Жапонияда 70%-ға, Польшада 63%-ға, Ресейде 49%-ға, Қытайда 36%-ға өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен брифингта мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Әлемде сырқаттанудың өсуімен қатар Қазақстанда да 20 маусымнан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалады, соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттану 1,9 есеге өсті (8156 жағдайдан 15503 жағдайға дейін).
«Тәулігіне коронавирустың расталған саны 2700 жағдайға дейін, ал расталмаған саны 20 жағдайға дейін тіркелуде. Наурыз айынан бастап өлім-жітімнің бірлі-жарым жағдайы тіркелуде, шілде айында КВИ-мен ауырған 3 науқас қайтыс болды. Соңғы аптада ауырған адамдардың 70%-ы 3 аймақта тіркеліп отыр, олар Алматы (4704 жағдай немесе 30,3%-ы), Нұр-Сұлтан (4937 жағдай немесе 31,8%-ы) қалаларында және Қарағанды облысында (1237 жағдай немесе 8%-ы). Сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, науқастарды ауруханаға жатқызу деңгейі төмен», - деді вице-министр.
КВИ-мен ауырып стационарлық емделіп жатқан пациенттердің ішінде 18 жасқа дейінгі балалар 36,3%-ды, ересек пациенттер 63,7%-ды құрайды.
Реанимация бөлімшелерінде 44 адам бар, оның ішінде реанимациялық науқастардың ең көп саны Нұр-Сұлтан қаласында 24 пациент, Қызылорда облысында 7 пациент екені байқалады. Өкпені жасанды желдету аппаратына 7 пациент қосылған. 70 жастан асқан 5 пациент, бір жасқа толмаған нәресте – 1.
«Барлық пациент қоса жүретін аурулармен ауырады, кардиологта және терапевте диспансерлік есепте тұрады. Негізінен, барлық пациенттерде қоса жүретін аурулар бар. Осылайша, пациенттердің 19%-ында артериялық гипертензия, 9%-ында жүректің ишемиялық ауруы 6%-ында қант диабеті, 4,4%-ында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы және т.б. байқалады», - деді Айжан Есмағамбетова.