Қазақстандықтардан 116 шетелдік көлік тәркіленіп, уақытша тұраққа қойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке пайдалануға арналған шетелдік автокөлікті сатып алғанда, еліміздің заңнамасын сақтауды сұрайды

iStock

Соңғы кездерде Қазақстан аумағына шет ел азаматтарының жеке көлік құралдарын уақытша алып келу жағдайлары жиілеп  кеткен. Ондай көліктерді негізінен Грузия мен Әзірбайжан азаматтары алып келіп, біздің еліміздің азаматтарының «иелігіне» береді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ескеретін жайт, Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына үшінші елдерден (ЕАЭО құрамына кірмейтін елдер) уақытша әкелінген көлік құралдары шетелдік тауарлар болып саналатындықтан, кедендік бақылауда болады.

Осыған орай, комитет өкілдері уақытша әкелінген көлік құралдарын сатып алуға және Қазақстан аумағында пайдалануға тек кедендік тазартудан соң және сәйкесінше тиесілі кедендік алымдар мен салықтарды төлеген соң ғана қолдануға болатынын ескертеді.

«Жеке пайдалануға арналған шетелдік көлік құралдарын әкелген шет ел азаматтары белгілі бір уақыттан кейін Қазақстан аумағынан кетіп қалады. Яғни, ЕАЭО аумағына аталған автокөлік құралдары әкелінгенде, Қазақстан азаматына беру мақсатында келген деп пайымдалып отыр.

Уақытша әкелу мерзімі аяқталғаннан кейін (1 жылдан соң)  автокөлік құралдары ЕАЭО аумағынан шығып кетуі қажет. Егер шығып кетпесе, ЕАЭО-тың қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», - делінген МКК хабарламасында. 

Комитет Полиция департаменттерімен бірлесе отырып, рейдттік іс-шаралар жүргізуді ұйымдастырған, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ондай көліктер ұсталады.

«Қазіргі таңда 116 автокөлік құралы тәркіленіп, уақытша сақтау қоймаларына орналастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарынан жеке пайдалануға арналған автокөлікті сатып алғанда еліміздің заңнамасын сақтауды сұрайды», - делінген хабарламада.

Алайда Сіз сатып алғалы жатқан автокөлігіңіздің шығу тегі немесе заңдылығы күдік туғызатын болса, онда Қазақстанда кедендік тазартудан өткені және тиесілі кедендік алымдар мен салықтар төлегені туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарынан білуге болады. Ол үшін Комитетке (87172 71 77 24) немесе тұрғылықты жердегі Мемлекеттік кірістер департаментіне, сонымен қатар ҚР ҚМ МКК Байланыс орталығына хабарласуға болады.