Биыл да шаруаларды қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр
Қызылордалық шаруалар мал азығына бөлінетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Былтыр елде қуаңшылық болып, жерге көк шықпай, жем-шөптің бағасы аспандады. Биыл да қымбатшылық қос бүйірден қысып тұр дейді олар. Шаруалардың мұңын Астана арнасы жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жәндіктер көбейеді де, олар малдарды шағады. Кене бар. Содан малдың өлімі көп. Мына біз ИСЖ-ға тіркеп қойған малдарымыздың басын азайтпау үшін субсидия қылып, соған жем-шөп алып, соларды толықтырумен әлекпіз. Оның үстіне енді бермейміз деп жатыр. Енді қалай мал көбейеді», - дейді шаруа қожалық төарағасы Бейбітшілік Толыбаев.
Жауапты басқарма басшысы субсидияның жергілікті бюджеттен бөлінетінін айтады. Алайда, облыстың қарызы шаш етектен, бюджетте артық көк тиын жоқ дейді.
«Бір әкім де оны шешпейді. Ол бюджетті нақтылаған кезде мәслихатта қаралады. Қазіргі таңда бүгінгі күнге бюджеттің мүмкіншілігіне қарай бюджеттен субсидия бөлінеді. Мынау бар екен бөлінсін деген заңда жоқ. Қазіргі таңда бюджетті бөлуге мүмкіншілік болып тұрған жоқ. Сондықтан бекітілген бюджетте жем-шөпке қаржы қаралмаған», - дейді Қызылорда облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Мал ашуы - жан ашуы. Ата кәсіппен айналысатындар 1 тамызға дейін жергілікті биліктен нақты жауап күтетіндерін айтады. Мәселе шешілмесе, кері шегінбейміз дейді.