Елімізде ірі және ұсақ мал экспортына квота берілмей отыр

1 шілдедегі жағдайға сәйкес ірі қара мал басы 9,9 млн-ды құрайды

Елімізде ірі және ұсақ мал экспортына квота берілмей отыр
Фото ашық дереккөзден

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі және ұсақ мал экспортына квота енгізуді ұсынған болатын. Алайда Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлігінің ірі және ұсақ мал экспортын квоталау жөніндегі ұсынысы қолдау таппай, экспортқа тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Статистика деректері бойынша биылғы 1 шілдедегі жағдайға сәйкес ірі қара мал басы 9,9 млн-ды құрайды, оның ішінде сиыр саны – 4,5 млн, биылғы төл саны – 3,1 млн бас, қалған 2,3 млн бас – мал басын өндіруші бұқалар, құнажындар, қашарлар мен бұқашықтар. Сонымен қатар, бүгінгі күні 12 айдан 2 жасқа дейін бұқашықтар саны – 675 мың бас, еркек тоқтылар 1,1 млн басты құрайды», -  дейді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Оның сөзінше, фермерлердің табысын арттыру және оларға қолдау көрсету үшін бұқашықтар экспортына 30 мың бас мөлшерінде квота белгілеу ұсынылды, бұл бұқашықтар санының бар-жоғы 4,4%-ын құрайды. Ал қошқарларға 60 мың бас квота енгізу ұсынылған. Бұл қой басының небәрі 5%-ын құрайды. Министр бұқашықтар мен еркек тоқтылардың қалған 95%-ы ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және ет өңдеу кәсіпорындарын жүктеу үшін жеткілікті екенін айтады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.