Тамыздың соңғы онкүндігінен бастап көкөністің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде
Биыл инфляция көлемі 14,5%-ға жетті. Оның ішінде азық-түлік өнімдері, қант пен көкөніс өнімдері бағасының өсуі байқалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Көкөніс өнімдері арасында пияздың бағасы өсті. Осы орайда, ішкі нарықта пияздың қоры жеткілікті екенін атап өткім келеді. Мәселен ай сайынғы қажеттілік 25,9 мың тонна болса, бүгінгі күні пияз қоры 34,4 мың тоннаны құрайды. Маусым айынан бастап пияз жиналып жатыр. Ерте пісетін пияздың жалпы көлемі 90 мың тоннадан асады деп күтілуде, оның бүгінгі күні 35,2 мың тоннасы жиналды. Шілде айының соңына дейін және тамыздың бірінші жартысында 50 мың тоннадан астам пияз жинау жоспарланған», - дейді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Соңғы уақытта пиязды шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатыр.
«Картопқа келетін болсақ, ішкі нарықтың айлық қажеттілігі 152,7 мың тоннаны құрайды. Әкімдіктердің ақпараты бойынша бүгінгі күні картоп қоры – 124,9 мың тонна. Қыркүйектен бастап күзгі картопты жинау басталады, оның көлемі 4 млн тоннадан асады, бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етеді және белгілі бір көлемді экспортқа жөнелтуге мүмкіндік береді. Қырыққабат пен сәбіз бойынша да жағдай тұрақты. Яғни ерте қырыққабат пен сәбіз көлемі күзгі егін жинағанға дейін ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар, тамыздың соңғы онкүндігінен бастап көкөністің күзгі өнімі нарыққа шығады деп күтілуде», - дейді министр.