Бүгінде 450 мыңнан астам адам құмар ойынын күнделікті ойнайды

Автор: Azattyq Rýhy

Орта есепке шаққанда, әр ойыншының басында 10 млн теңгеге жуық қарыз бар

Фото ашық дереккөзден

Биыл интернет желісінде желіккен жастарды бәс тігуге шақырған 276 сайт бұғатталған. Интернетке кірсең, алдыңнан лып етіп шыға келетін араны ашылған бизнесті мүлдем тоқтату мүмкін емес дейді құзырлылар. Бұл туралы Астана арнасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Біз бұғаттағанмен бұл сайттарды, осы сайттың артында тұрған кінәлі адамдар екінші күні қайтадан сайт ашып, заңсыз қызметтерін жалғастыруы мүмкін. Бізде департаментте арнайы топ бар. Арнайы топ талдау-зерделеуден өткізіп, осы құмар ойындарын насихаттайтын сайтты анықтайды. Сосын осы ақпараттар зерделеніп, арнайы Кибер-надзор ақпараттық жүйесіне енгізіледі», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Сабырғали Балғалиев.

Елімізде лудоманиядан айығудың өзі  арзан емес. Наркологиялық емханадағы бір айлық ем-домның құны 350 мың теңгеден басталады. Ең аз дегенде 5 ай  емделу қажет. Бәс тігемін деп, көңілі пәс болып жүрген емделушілердің арасында бай-бағланның баласы көп.

 «Қазақстанда лудоманияны сырқат-ауру ретінде  аса назарға алмайды. Ал шынтуайтында, бұл ғасыр дертіне айналып бара жатыр. Күнделікті тірлігі жоқ, мақсаты жоқ адамдар бұл дерттің шырмауына оңай шырмалады. Оңай баюды көздейді, күнделікті жұмысқа барғысы келмейді. Бір ай еңбектеніп алған ақшаны бір ставкада көтеремін деген жаңсақ пікір жетегінде кетеді», - дейді психотерапевт Александр Рущук.

Есімін жасырған елордалық тұрғын пандемия кезінде букмекерлік кеңседен көмек іздеген. Бірде сәтті, бірде сәтсіз қызығушылығының  соңында  жан-жаққа қарыз болып сүйкімі кеткен.   Онлайн казиноның опық жегізерін кеш түсінді.  Қазір наркологиялық орталықта емделіп жатыр.

 «Барлығы қарыздардан басталады. Кредиттер басталған кезде, микрокредиттер, оның барлығы сыртқа жайылады. Сол кезде ата-анаңнан, таныстарыңнан  шешу үшін сұрайсың, сол кезде не үшін деп сұрағанда барлығын жайып салдым. Оны білгендеріне бір 3-4 жыл болды. Бірақ дәл осы реабилитация орталығына келетіндей ауру көрген жоқ. Біздің менталитет сондай ғой», - дейді реабилитациялық орталық емделушісі.

 Бүгінде 450 мыңнан астам адам құмар ойынын күнделікті ойнайды. Оның тең жартысы компьютерге телміріп,  онлайн  казиноның саудасын қыздыруда. Орта есепке шаққанда әр ойыншының басында 10 миллион теңгеге жуық қарыз бар. Сарапшылардың айтуынша, тиісті заңнама қолданысқа енгізілмейінше, онлайн құмар сайттары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейе бермек.