Жамбыл облысында атасы мен немересі Талас өзеніне батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар рұқсат етілмеген жерде суға түскен

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысында атасымен бірге суға батып кеткен қыз іздестіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, қайғылы жағдай Жамбыл ауданындағы Жасөркен ауылы маңында ағысы күшті Талас өзенінде болған.

«23 шілде күні сағат 17:30-да куәгерлер Жасөркен ауылы маңынан өтетін Талас өзенінен ер адамның денесін судан шығарып алған. Кейін мәлім болғанындай, қарт адам немересімен бірге рұқсат етілмеген жерде суға түскен. Сағат 17:50-де қызды іздеу жұмыстары басталды. Ол сағат 17:10-дар шамасында суға батып кеткен», - деп мәлім етті Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Мұңатаева.

Іздеу жұмыстары 23 шілде күні түнге дейін алғасып, іздеу жұмыстарына 5 құтқарушы мен 1 техника жұмылдырылды.

Ауыл адамдарының айтуынша, суға батып мерт болған азамат 61 жаста, ал немересі 7 жаста.

Қыздың ата-анасы өзге елде жұмыс іздеп кеткен.