Алматыда самокатпен тыр жалаңаш жүрген жұп қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға қатысты сот отырысы өтті

Алматы полицейлері қала орталығында тырдай жалаңаш қалпы самокат теуіп жүрген бойжеткен мен жас жігітті 10 тәулікке қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әл- Фараби даңғылының бойында тұттай жалаңаш жүрген М. есімді қыз 1997 жылы, ал Г. есімді жігіт 2003 жылы дүниеге келген.

«Құқық бұзушыларды Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап, ұстады. Олардың әдепсіз әрекеттері ҚР ӘҚбК-нің 434-бабы – ұсақ бұзақылықпен квалификацияланды. Іс материалдары сотқа жіберілді, оның шешімімен әрқайсы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.

Атышулы видео кейіпкерлері жұртшылықтан кешірім сұрады.

Сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзған «Мерседес» жүргізушісіне әкімшілік шара қолданылды. Оның жолаушысы лыпасыз жүргендерді көліктің төбесінен шығып, видеоға түсіріп алған.

Айта кетсек, 21 шілдеде әлеуметтік желіде тыр жалаңаш жүрген екі жастың көше бойында емін-еркін самокат теуіп жүрген видеосы тараған еді.