Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың жазғы каникулын қысқартуға қатысты пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

 Оқу жылын ұзартуды қолдаушылар 4-тоқсанды 20-25 маусымға дейін созуды және оқуды 20 тамыздан бастауды ұсынып отыр

© Sputnik

 Оқу-ағарту министрлігі мамандардың ұсыныстары мен ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне зерттеу жүргізді. Осыған дейін мамандар оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту және оқу жылын 20 тамыздан бастау мәселесін қарауды сұрап, министрлікке бірнеше рет жүгінген болатын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сарапшылар Қазақстан әлемдегі ең ұзақ каникул - 130 күн болатын елдердің қатарына кіретінін алға тартты. Ал басқа да елдерде каникул мерзімі 80-нен 100 күнге дейін. Сонымен қатар 5 күндік оқу аптасына көшкен кезде оқу күндерінің саны бірден 34 күнге азайды. Осылайша, орта есеппен алғанда, біздің еліміздегі оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн. Сондай-ақ мамандар қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын атап өтті. Алты күндік көптеген мектеп жаңа талапқа сай бес күндік оқу аптасына ауыса алады. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етеді. Бұл шешімдер күрделі тақырыптарды оқудың қарқынын төмендетеді, оқылған материалды қайталауға және бекітуге уақыт береді.

Бұл ретте өзгерістер жазғы демалысқа әсер етпейтінін түсіну маңызды. Яғни балалар 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында демалады.

«Оқу жылын ұзартуды қолдаушылар 4-тоқсанды 20-25 маусымға дейін созуды және оқуды 20 тамыздан бастауды ұсынып отыр. Мамандар бірнеше жылдан бері дабыл қағып, оқушыларымыздың жазғы уақыттарын компьютер мен смартфондарда ойын ойнаумен өткізіп жатқанда, олардың қатарластары білім алып, оқып жатқанын айтып келеді. Олар бұған дейін де өз дәлелдерін келтірген болатын. Біз ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрдық. Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Жұмыс тобы мамандардың ұсыныстарын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді: оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады. Ал жаз басталғанда, яғни 1 маусымнан бастап балалар демалысқа шыға алады. Осылайша, жаз бойы, яғни 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында балалар каникулда болады», - деп атап өтті Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Бұл орайда сапаны тек оқу күндері арқылы ғана емес, жалпы оқу жүктемесін азайту, оқу бағдарламаларын жетілдіру, мамандардың біліктілігін арттыру және т.б. жолдар арқылы жақсарту жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланып отыр. Одан бөлек, оқу жылының ұзақтығын созу оқушыларға қосымша білімге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, өйткені сабақ аз болады, мектептердің кабинет қорына түсетін жүктеме де азаяды», - деді Гүлмира Кәрімова.

Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, Германия, Англия және Жапонияда жазғы демалыс 7 апта, Польша, Қытай және Оңтүстік Кореяда 7-9 апта, Финляндия, Венгрия, Швецияда 9-11 апта, Латвия, Италия және Португалияда 11 апта, Қазақстанда - 14 аптаға созылады.