Белгілі болғандай соққыға жығылған журналистің мұрны сынған
Атырауда «Жол бақылау» порталының журналисі Олеся Вертинскаяны белгісіз біреу ұрып кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Журналистке өз үйінің жанында шабуыл жасалды. Алдымен ер адам оны сөзге тартып көмек сұрап, артынша тепкілеп, соққының астына алған. Вертинскаяны сол маңда өтіп бара жатқан адам арашалап қалды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров бүгін бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Журналистке жасалған шабуылдар мен қауіп-қатерге байланысты құқық қорғау органдары құқық бұзушыны тауып, тиісті шара қолданатынына сенімдімін. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз құзыреттілігі шегінде және Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында ашықтықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында іс-шаралардың барысын жіті қадағалайтын болады. Жалпы, журналистерге кәсіби міндеттерін орындау кезінде қорқыту және шабуыл жасау әрекеттерін қолайсыз деп санаймыз. Әріптесіміз Олесяға тез сауығып кетуін тілейміз», - деп жазды ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров фейсбуктегі парақшасында.