Жүргізуші куәлігі болмаса да рөлге отырғаны белгілі болды
Ақтөбеде жүргізуші куәлігі жоқ ішімдік ішкен ер адам көлігімен жол бойындағы бетон бағанаға соғылған. Соның салдарынан көліктегі 3 адам жарақат алып, ауруханаға түсті деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ақтөбе қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша "Opel Vectra" автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі көше жарығының бетон бағанасына соқтығысқан. Жол апатынан түрлі жарақат алған 3 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында 3 жасар кішкентай қыз бар.
Жүргізушінің көлік құралдарын басқару құқығы жоқ екені және мас болғаны анықталды. Бұл факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.