Қызылорда облысында 4,1 мыңнан аса түп есірткі еккен адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсірген

Қызылорда облысының полицейлері «Қарасора – 2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде​ 4116​ түп сора өсімдігін еккен тұрғынды ​ ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

37 жастағы​ жұмыссыз қала тұрғыны Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Жуантөбе ауылынан оңтүстік батысқа қарай 45 шақырым жердегі​ шеңгел мен сексеуіл арасында сора өсірген.​ Арнайы баптап өсірілген сораның ұзындығы ​60-70 сантиметрге жеткен.

Осы аумаққа келген көліктердің дөңгелектерін тесу мақсатында​ ауыл маңындағы жолдарға қолдан жасалған металл шыбықтарды тастаған.

Полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек арнайы кептірілген марихуана, заң бұзушының​ жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар, екі насос, палатка, мотор, 20 метрлік​ шланга, күрек, кетпен тәркіледі.

4 116 түп ​көлемінде ​тәркіленген ​сора өсімдігінің​ жалпы салмағы 34 келі, ал ​кептірілген марихуана 696 грамм көлемінде болып шықты.​

Күдікті Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына​ қамауға алынды.​ ​Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және 300-бабының 2-бөлігімен​ (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.