Павлодарда шаруаларға дизель отынын тарататын кәсіпкерлер наразы білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар жанармай тек шенеуніктерге жақын жалғыз серіктестікке беріліп жүр дейді

фото ult.kz

Павлодарда шаруаларға дизель отынын төмен бағада тарататын кәсіпкерлер наразылық білдірді. Олар әкімдіктің әрекетіне қапалы. Айтуларынша, соңғы уақытта жанармай тек шенеуніктерге жақын жалғыз серіктестікке беріліп жүр. Бұл туралы Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Әкімдік пен ауыл шаруашылығы басқармасы жылда тек LF-Trade компаниясына ғана дизель отынын көп бөледі. Мәселен, өткен жылы 20 мың тонна дизель отыны бөлінген болатын. Оның 11 мың тоннасы тек LF-Trade-қа ғана берілсе, қалғаны өзгелерден төмен бағада сақтайтын Парнас пен Рымжан компанияларына жетті. Бұл дегенің кәсіпкерлердің, сондай -ақ шаруалардың құқықтарын өрескел бұзу», - дейді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Жыл сайын егін себетін көктем мен оратын күз мезгілінде Павлодар облысына мемлекеттен белгілі бір мөлшерде дизель отыны бөлінеді. Ал оны таратумен бірнеше компания айналысады екен. Бірақ соңғы 3-4 жылда тек біреуіне басымдық беріледі дейді жиналғандар. Бәсекелестік ортаға түспеген соң баға да жоғары. Сондықтан, олар әкімдіктен дизельді әділ әрі төмен бағада беруін талап етіп отыр. Ал, жергілікті атқамінерлер наразы кәсіпкерлер келтірген дерекпен келіскен жоқ.

«Көктемгі дала жұмыстарын өткізу үшін операторлар ретінде келесі кәсіпорындар анықталған болатын LF-Trade, ТК Парнас, Рымжан Трейд. Наурыз айларында операторлар үшін тепе-тең бөлінді», - деді Павлодар облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының Өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Ерқанат Әубәкір.