Жолаушылардың өтініші бойынша әуе рейстерінің кешігуіне қатысты тексеру жүргізіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталған жағдайда авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

фото: Алматы әуежайы/FACEBOOK

Әлеуметтік желілердегі Air Astana және FlyArystan авиакомпанияларының Алматы - Мале, Нұр-Сұлтан-Ташкент және Алматы - Қостанай рейстері, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша кешігу фактілеріне қатысты жолаушылардың көптеген өтініштеріне байланысты ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тиісті тергеу жүргізетін болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Рейстерді кешіктіру немесе орындалмаған кезде жолаушылардың құқықтарын бұзу фактілері анықталған жағдайда, авиакомпаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Аталған рейстердің жолаушыларына cc@сaakz.kz электрондық мекенжай бойынша жазбаша өтініштерді жолдауға болады.

«Сонымен қатар, тасымалдаушының кінәсінен рейс кідірген немесе орындалмаған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жолаушыларға тегін негізде ана мен бала бөлмесі, рейсті 2 сағат күткен кезде салқын сусындар, 4 сағат күткен кезде ыстық тамақ (бұдан әрі күндізгі уақытта әрбір 6 сағат және түнгі уақытта 8 сағат), сондай-ақ рейсті кері қайтарған кезде ыстық тамақ беріледі. Сондай-ақ күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнгі уақытта 6 сағаттан артық рейсті күткен кезде қонақ үйде тұру және тұратын жеріне дейін және әуежайға апаратын көлік беріледі», - делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.